Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізіліп жатқан өзгерістерге сәйкес, жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны (250.00 СЕН) ұсынуға келесі санаттар міндеттелетінін хабарлайды:
• шетелде мүлкі бар Қазақстан Республикасының азаматтары мен резиденттері;• сайланбалы және мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар;• банктің, бағалы қағаздар нарығының немесе сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушысы болуға ниетті тұлғалар;• жеке практикамен айналысатын тұлғалар;• декларацияны ерікті түрде тапсырғысы келетін азаматтар.
Шетелдегі декларациялауға жататын активтер:
• жылжымайтын мүлік, көлік құралдары;• шетелдік компаниялардағы немесе тұрғын үй құрылысына қатысудағы үлестер;• шетелдік банктердегі шоттардағы қаражат, егер олардың сомасы 1000 АЕК-тен асатын болса;• бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары;• брокерлік шоттардағы қаражат;• интеллектуалдық меншік объектілері, авторлық құқықтар;• цифрлық активтер;• дебиторлық/кредиторлық берешектер;• инвестициялық және бағалы металдар;• құны 1000 АЕК-тен асатын мүлік (мысалы, антиквариат, сән-салтанат заттары).
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында және шетелде құны 20 000 АЕК-тен (2024 жылы бұл 73 840 000 теңге) асатын ірі сатып алулар жасаған тұлғаларға декларация тапсыру міндетін енгізу ұсынылады.
Маңызды: декларацияны ерікті түрде ұсынған кезде декларанттар 10 000 АЕК-тен аспайтын сомада қолма-қол ақшаны және басқа да активтер мен міндеттемелерді декларациялай алады, бұл кейіннен жеке тұлғаның шығындарын растауға негіз болады.
Егер азаматтардың қолма-қол ақшасы 10 000 АЕК-тен (2024 жылы бұл 36 920 000 теңге) асатын болса, бұл қаражатты 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін банктік шоттарға салу қажет.
Декларацияны қалай тапсыруға болады?
Декларацияны e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы, «Электрондық үкімет» (egov.kz) порталы немесе Салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz) арқылы тапсыруға болады.